Сотталушы Жұмағұлов, Әбішев және Өміровтың денсаулығына байланысты Бас прокуратураға мәлімдеме
Қазақстанның 40-тан астам үкіметтік емес ұйымдарының және тәуелсіз сарапшылардың басын қосқан азаптауға қарсы Коалициясы «терроризмді насихаттау» және «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша айыпталушы Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев және Оралбек Өміровтың денсаулығына байланысты алаңдаушылық білдіреді.
Олардың барлығы да Алматыдағы уақытша тергеу изоляторында және 28-тамыздан бастап Алмалы аудандық сотындағы Әріпов Қуаныш Серікұлының төрелігіндегі сотта істері қаралуда. Ал сот процесінің негізгі тыңдалымы 2-қазан күні Алматы қаласы, Алмалы аудандық сотында басталды.
Сотталушылар сот барысында бірнеше мәрте денсаулықтарындағы қиындықтар туралы мәлімдеген еді. Кенжебек Әбішевтің ишимиялық жүрек ауруы бар екенін және оның инфаркт алдындағы жағдайда екенін дәрігерлер растап отыр. Ал екінші топтағы мүгедектігі бар Оралбек Өміров көзінің көруі күрт нашарлағанын мәлімдеген болатын. Онымен қоса жыл сайын өтетін медициналық тексеруден темір тор артында болғандықтан өте алмаған. Өміровтың айтуы бойынша тергеу изоляторында барлық ауруына ем ретінде тек «аспирин» таблеткалары беріледі екен.
Сотталушыларды сотқа жеткізген уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1255 «Күдіктілерді, айыпталушыларды, сотталғандарды және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі балалар үйлеріндегі балаларды тамақтандырудың және материалдық-тұрмыстық қамтамасыз етудің заттай нормаларын және сотталғандардың киім нысандары үлгілерін, сондай-ақ Қамауға алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатылатын адамдардың тұрғылықты жеріне немесе жұмысына жету үшін ақысыз жол жүрумен, тамақпен немесе ақшамен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сай үш уақыт аспен қамтамасыз етудің орнына екі тілім қара нан мен бір тілім ет берілген. Соның нәтижесінде сотталушы Оралбек Өміров тура сот кезінде аштықтан есін жоғалтып алды. Бұл туралы сотта айтылғанда бір тілімнің орнына екі тілім нан беріле бастаған.
Біз дәл қазір олардың жазықты, жазықсыздығы туралы айтып тұрған жоқпыз, оны тек сот шешімі көрсетеді. Алайда, сот және процесуалды прокурор қорғаушы тараптың түрмедегі жағдай мен тиісті медициналық көмек туралы уәждерін еш қанағаттандырмай, олардың сөзіне мән бермеуіне алаңдаулымыз. Ол Қазақстан Республикасының заңдарына және еліміз өзіне алған халықаралық міндеттерге қайшы.
Нельсон Мандела ережелеріне сай: «сотталушыларға медициналық дәрі-дәрмекпен және тиісті еммен қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті. Оларға қоғамдағы кез-келген тұлғаға қолжетімді жағдай жасалып, сотталушы статусына қарай дискриминацияға ұшырамауы тиіс. Ем және медициналық қызметке қолжетімділік денсаулық сақтау органдарымен тығыз байланыста қамтамасыз етіліп, үздіксіз жасалынуы тиіс».
Сотталушыларға деген мұндай қарым-қатынас және сот, прокуратураның көзқарасы бүкіл сот барысына деген бағалауға әсер етуі мүмкін. Онсыз да құқыққорғаушылар бұл істің саяси астары бар екенін мәлімдеді.
БҰҰ-ның жалпыға ортақ ескертулеріне сай тиісті медициналық қызметпен қамтамасыз етпеу азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас пен жазалаудың түрлеріне жатқызылады.
Жоғарыда айтылған уәждерге сүйене отырып, Қазақстан Республикасы Ата заңының 14, 17 баптарына сай, БҰҰ Конвенциясының 12 бабына сай, жазаны өтеу мерзімі кезінде құқықтың сақталуын қадағалайтын прокурор нұсқаулығына сай сотталушы Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев және Оралбек Өміровтің шағымдарына қатысты жан-жақты, тәуелсіз, керек болған жағдайда Бас прокуратура араласуымен тергеу жүргізуді, олардың бұзылған құқығын тез арада қалпына келтіруді сұраймыз.
Құрметпен,
Роза Ақылбекова
Қазақстан үкіметтік емес ұйымдарының азаптауға қарсы Коалициясы үйлестірушісі
Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі бюро директорының орынбасары
ҚР Адам құқығы жөніндегі уәкіл жанындағы Ұлттық превентивті механизм үйлестіру кеңесінің мүшесі
ҚР Адам құқығы жөніндегі уәкіл жанындағы азаптау істерін әділетті тергеу бойынша жұмыс тобының мүшесі
Свежие комментарии