COVID-19 дағдарысы кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық қауіпінен әйелдерді қорғауды күшейтуге шақыратын Қазақстан Республикасының үкіметіне ашық хат
Сіздерге құрамына құқық қорғау ұйымдары, сот-медицина саласындағы заңгерлер мен сарапшылар, психиаторлар және Брюссельдік әріптестеріміз (Адам құқықтары үшін халықаралық әріптестік мүшелері) кіретін Қазақстанның азаптауларға қарсы ҮЕҰ Коалициясының атынан жүгініп отырмыз.
2020 жылдың 15 наурызында COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген карантинге байланысты әлемнің көптеген елдерінде тұрмыстық зорлық-зомбылық күрт өскен. Бұл жөнінде 2020 жылдың 2-ші сәуір күні БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеді. Ол өз сөзінде: «Біз өзін-өзі оқшаулау мен карантиннің COVID-19 вирусына қарсы шаралар екенін білеміз. Бірақ ол жұбайы агрессияға бейім әйелдер үшін тұзақ болуы мүмкін. Соңғы апталардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың күрделенуі мен үрейдің өршуіне байланысты әлемде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өскеніне куә болып отырмыз. Кейбір елдерде көмек сұрап, шағымданған әйелдердің саны екі есеге өскен», — деді. Бұдан бөлек, ол «полиция мен медицина қызметкерлері жұмыс салмағының артуына байланысты кадр тапшылығын көріп отырғанын», «жергілікті қолдау көрсету орталықтарының жұмысы тоқтағанын немесе қаржы жетіспеушілігіне тап болғанын» айтты.
ОЮЛ «Дағдарыс орталықтары одағы» Коалиция мүшесі. Олардың құрамында гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарымен айналысатын Қазақстанның 11 аймағынан жасақталған 18 ұйым бар. «Дағдарыс орталықтары одағының» мәліметінше, Қазақстанда 15 наурызда төтенше жағдай жарияланған күннен бері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі өскен. 2020 жылдың наурыз айында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 199 арыз тіркелген. Бұл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда 25 пайызға жоғары. Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына жеке ғимарат берді.
2020 жылдың наурыз айында Қазақстанда Айнагүл Бекенованың басында өте қорқынышты жағдай болды. Бұрынғы күйеуі жұмыс орнына келіп, оның бет-ауызын тілгілеп тастады. Бұл оқиға тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін алдыңғы қатарға шығарады. Төтенше жағдай кезінде оның өршіп кету қауіпі бар[1].
Айгүл[2] күйеуі ұрып-соққаннан кейін дағдарыс орталығына келуге мәжбүр болды. Ол өз сөзінде: «Мен күйеуім мен балаларым, біз барлығымыз бақытты отбасымыз деп ойлайтынмын. Күйеуімді қатты жақсы көрдім және оған қашан да қамқор болдым. Бірақ ол наурыздан бастап менің сырт келбетіме байланысты, тоқал алғысы келетіні жөнінде сөздер айта бастады. Бұл шын мәнінде болғанға дейін мен ол қалжыңдап жүр деп ойладым. Ол «үй шаруасы мен балаларға қараудан сен маған дұрыс көңіл бөлмейсің» деді… Наурыз айының соңында үйге 20 жастағы әйелді ертіп алып келді. Айқай-шу, төбелес басталып, мені ұрып-соқты. Соңғы рет ол мені балалардың көзінше тепкіледі. Содан кейін полиция мені дағдарыс орталығына алып келді», — деді.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық іс ретінде қаралмайтындықтан, кінәлілер тиісті жазасын алмайды. Шектеуші фактордың болмау, жазасыз қалу, зорлық-зомбылықтың өршуіне алып келуде. «Үй ол – әр адам өзін қауіпсіз сезінетін жер. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық осы заңдылықты бұзады. Бізде жалынды сөздер мен статистика жеткілікті. Дәл қазір Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартатын уақыт жетті», — дейді «Дағдарыс орталықтары одағының» директоры Зульфия Байзакова.
Қазір төтенше жағдайға байланысты жағдай қиындады. Соттар ескерту немесе 10 тәулікке әкімшілік жазаға үкім шығаруы мүмкін. Төтенше жағдайға байланысты сот жұмысына шектеу қойылған немесе тоқтатылған. Олар қазір карантин режиміне байланысты істерге көбірек көңіл бөлуде.
Төтенше жағдай кезінде жүріп-тұруға қойылған шектеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықты анықтауға, сот-медициналық сараптама жүргізуге кедергі келтіруде.
Бұл (Қазақстандағы әйелдердің 34% мен балалардың 24 % қамтитын) проблемамен тиімді күресу үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту жазасын енгізу қажет.
Қазақстанның азаптауларға қарсы ҮЕҰ Коалициясы мен Адам құқықтары үшін халықаралық әріптестігі үкіметке төмендегідей шараларды қабылдауды ұсынады:
- Учаскелік полиция және 102 қызметі арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қоңырауына жедел жауап беруді қамтамасыз ету;
- Ішкі істер органдарының қызметкерлерін тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларына араласу COVID-19 пандемиясына қатысты істермен қатар басымдыққа ие болуы керектігін ескерту;
- Соттарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істердің қаралуын жалғастыру;
- Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қажет болған жағдайда сот-медициналық сараптамадан өтуді қамтамасыз ету;
- 150 қызметіне қажет болған жағдайда тәулік бойы психологиялық көмек берілетіні жөнінде халықты ақпараттандыру үшін қолдау көрсету.
Біз БҰҰ Бас хатшысы Гутерриштің барлық елдердің үкіметтеріне әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу және оларға өтемақы төлеуді негізгі міндеттерінің бірі ретінде COVID-19-ға қарсы күрес жоспарына қосу туралы үндеуін қолдаймыз.
Үкімет жоғарыда айтылған проблемаларды шешу үшін тиісті шаралар қабылдайды және төтенше жағдай кезінде әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жоспары жөніндегі ақпараттармен бөліседі деп үміттенеміз.
[1] http://ratel.kz/raw/devushka_kotoroj_byvshij_muzh_izurodoval_litso_obratilas_k_prezidentu
[2] Қауіпсіздік мақсатында аты-жөні өзгертілді
Свежие комментарии