Қазақстан түрмелеріндегі өлім, азаптау мен зорлау
Алматы маңайындағы Заречный ауылындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан Самат Саттаровты түрме әкімшілігі үстінен жазған арызын қайта алуға мәжбүрлемек болып, үш күн қатарынан ұрып-соққан, қинаған. Азаптау Саттаровтың туыстарының көзінше, ауруханада да жалғасқан. Оған дәлел видеолар интернетте екі күннен бері талқыланып жатыр.
8 қыркүйек күні СИ 155/12 түрмесінде Самат Саттаров атты тұтқын соққыға жығылып, азапталады. Тұтқынның өзі ауруханада туыстарына видео камераға айтқаны бойынша оны үш күн бойы түрме қызметкерлері түрме басшысы орынбасары, майор Әлихан Молдыбаевтың нұсқауымен соққыға жығып, қинаған. Оған себеп болған С.Саттаровтың жазған арызы. Погондылар үстінен жазған арызын қайта алуға мәжбүрлеу үшін қинаған. Үш күн соққыдан кейін шыдамаған ол бөгде затты жұтып, ауруханаға жеткізілген. Ауруханада туыстары жасаған видеода (төменде көре аласыздар), оның бетінінің, бүйрек пен бауыр тұсындағы көгерген жерлерді, қабырғалары сынып, өз еркімен жүре алмайтынын көруге болады.
— Олар мені түрме қызметкерлері Ерік Қайратұлы, Серікбол Бахтияровтың үстінен жазған арызымды қайта алуға мәжбүрлемек. Мені үш күннен бері қинап, тығып келді. Шыдамай бөгде зат жұтуға мәжбүр болдым. Ол қазір менің ішімде. Үш күннен бері қабырғаларымды, құлағымның шеміршегін сындырды! – дейді Самат Саттаров. – Мені және Иван Рудейконы ұрды. Оны тығып отыр. – деп жалғастырды сөзін.
Дәрігерлер оны ауруханада қалдырып, жедел ота жасауы керек еді, солай істегісі де келді. Алайда, түрме басшысы орынбасары Әлихан Молдыбаевтың бұйрығымен Саттаровты алып кетеді. Тек 3-4 сағаттан кейін қансыраған күйінде ауруханаға қайтадан жеткізеді.
Оған дейін аурухананың ішінде жабық палатаға кіргізіп, азаптауды жалғастырғандарын видеодан анық көруге болады.
Негізі СИ 155/12 түрмесі үнемі құқыққорғаушылардың назарына ілігіп тұрады. Түрме басшысы орынбасары Молдыбаев та көптеген құқыққорғаушылардың есебінің «кейпкері». Оның азаптау құрбандары мен құққорғаушылардың кездесуіне кедергі жасап, өзі де ұрып-соғу ісінен кем емес екені көптен айтылып, жазылып келеді.
Дәл қазір Варшавада ЕҚЫҰ-ның адам құқытары бойынша конференциясы өтіп жатыр. Ол жерде Қазақстан түрмелеріндегі азаптаулар да айтылуда. Бірақ, Қазақстан басшылығы шетелдік биік ареналарға да қарайтын түрі жоқ. Себебі, дәл қазір Еуропарламент депутаттары алдында түрмедегі азаптаулар туралы айтқан құқыққорғаушы Елена Семеноваға іс қозғалғаны бұған анық дәлел.
Қазақстан түрмелеріндегі азаптау бойынша мұндай ақпарат үйреншікті деңгейге жетті. Себебі, жабық мекемелердегі ұрып-соғу фактілері жүйенің бір бөлігіне айналған.
Түрмедегі өлім фактілері де жеткілікті. Ең соңғы мысалдардың бірі дәл сол Заречный ауылындағы СИ 155/14 түрмесіндегі Қайрат Егімбаевтың өлімі. Кеше Қазақстанның азаптауларға қарсы коалициясы оның өлімі бойынша мәлімдеме таратты.
«31 тамыз күні Егімбаев Қайраттың қорғаушысы Коалицияға арызданған еді. Оған себеп СИ 155/14 түрмесіне жазасының қалған бөлігін өтеуге келген тұтқын түрмеге келген күні соққыға жығылып, бірнеше күннен кейін ауруханаға жеткізіліп, өкінішке орай сол жерде қаза тапқан. Бұл жөнінде Коалициямен бірігіп, оның қорғаушылары мен туыстары арнайы баспасөз мәжілісін өткізіп, мәлімдеген еді. Ол туралы толық ақпаратпен сілтеме бойынша таныса аласыздар. https://www.notorture.kz/rodstvenniki-govorjat-o-pytkah-zakljuchennogo/. Дәл қазір іс бойынша куә Цапок Алексей Андреевичке қысым көрсетіліп, соңғы уақытта оның бірнеше рет өзіне қол салмақ болғаны туралы ақпарат бар. Біз бұл істің жан-жақты әділ тергеліп, куәгер А.А.Цапоктың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуін сұраймыз», — делінген Коалиция мәлімдемесінде.
Бұл екі мысал қылмыстық атқару жүйесінің бір бөлігіне айналған азаптау бойынша мысалдардың анық әрі жария дәлелі. Жария болған кішкене ғана бөлігі. Ал бұл уақытта азаптаулар өз жалғасын табуда.
https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/kazakstan_turmelerindegi_olim_azaptau_men_zorlau/
Свежие комментарии